Астана тұрғындарына жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды онлайн форматта тапсыруға рұқсат етілді. Елордада пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды "ҰАТ" АҚ-ға сілтеме жасаған astana24.com.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада Жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды қашықтан тапсыруға арналған пилоттық жоба іске қосылды.
"Енді жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерге емтиханның теориялық кезеңінен өту үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Тестілеуді үйден шықпай-ақ ноутбук немесе дербес компьютер арқылы тапсыруға болады", – делінген хабарламада.
Онлайн емтихан тапсыру үшін үміткер:
Қызметті алу үшін:
"ҰАТ" АҚ емтиханға арналған жеке сілтеме тек өтінім берген азаматқа тиесілі екенін және оны басқа адамдар пайдалана алмайтынын ескертті. Өтінім беруден бастап емтиханды аяқтауға дейінгі барлық кезеңде сәйкестендіру және бақылау құралдары арқылы рәсімнің өту барысы қадағаланады. Жүйедегі барлық әрекет пен оқиға тіркеліп отырады. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, тестілеуден заңсыз өту әрекеттерін анықтауға мүмкіндік береді.
"Жаңа формат үміткерлерге емтиханның теориялық кезеңінен қашықтан өтіп, уақытын үнемдеуге және ХҚКО-ға бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ХҚКО-ларда емтихан тапсырудың дәстүрлі форматы сақталады. Әр азамат өзіне ыңғайлы тәсілді таңдай алады. Алғашқы кезеңде теориялық емтиханды онлайн тапсыру қызметі пилоттық режимде жүзеге асырылып, Астана қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркелген азаматтарға қолжетімді болады", – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, оны орындауға 40 минут беріледі. Емтиханды күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады. Емтиханды сағат 19:20-дан кешіктірмей бастау қажет.
"Емтиханнан сәтті өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Бір рет тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Егер үміткер қажетті балл жинай алмаса, келесі әрекетті келесі күннен бастап жасай алады.
Емтихан басталар алдында үміткер түстерді ажырату қабілетін (дальтонизмді) анықтауға арналған тесттен де өтеді. Тестілеу аяқталғаннан кейін нәтиже бірден көрсетіледі: дұрыс жауаптардың санымен бірге "Тапсырды" немесе "Тапсырмады" деген белгі шығады. Бұған дейін тапсырылған емтихандардың тарихы "Менің өтінімдерім" бөлімінде сақталады", – деп мәлімдеді "ҰАТ" АҚ.
Емтиханның ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі бар арнайы ExamApp қосымшасы қолданылады.
"Тестілеу кезінде бейнежазба, аудиобақылау және экранды жазу жүргізіледі. Емтихан басталмас бұрын жүйе үміткердің жеке басын оның фотосуретін профильдегі суретпен салыстыру арқылы сәйкестендіреді. Сонымен қатар екінші камера ретінде смартфонды пайдалану қажет. Оны үміткерден шамамен 1,3 метр қашықтықта, бүйір тұсына орналастыру керек. Камера кадрына емтихан тапсырушының өзі, жұмыс үстелі және компьютер экраны толық көрінуі тиіс. Тестілеу басталар алдында үміткер бөлмені камераға көрсетеді.
Жүйе құрылғыда пайдалануға тыйым салынған бағдарламалардың, виртуалды машиналардың, қашықтан қол жеткізу құралдарының, қосымша мониторлардың, VPN және Proxy сервистерінің бар-жоғын да тексереді. Емтихан терезесі толық экран режимінде ашылып, басқа терезелерге ауысу бұғатталады. Ықтимал заңбұзушылықтардың барлығы жүйе арқылы автоматты түрде тіркеледі, содан кейін нәтижелерді уәкілетті тұлға қарайды", – деп түсіндірді "ҰАТ" АҚ өкілдері.
Онлайн емтихан тапсыру үшін құрылғы мынадай техникалық талаптарға сай болуы керек:
Емтиханды мобильді телефон, планшет немесе гибридті құрылғы арқылы тапсыру мүмкіндігі қарастырылмаған.
Теориялық емтиханды онлайн форматта сәтті тапсырған азаматтар келесі кезеңге, яғни көлік жүргізу бойынша практикалық емтиханға әдеттегі тәртіппен өте алады. Ол үшін "ХҚКО" қосымшасы арқылы практикалық емтиханға жазылу немесе жақын маңдағы мамандандырылған ХҚКО-ға жүгіну қажет.
