Жезқазған қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында дзюдодан Қазақстан чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. 2-5 қараша аралығына жоспарланған республикалық додаға еліміздің 20 өңірінен спортшылар қатысып жатыр, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев қатысып, спортшылар мен жарыс қонақтарына құттықтау сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде мұндай республикалық жарыстардың жас спортшылардың шеберлігін шыңдаудағы, дзюдо спортын дамытудағы және еліміздің спорттық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.
Сондай-ақ қатысушыларға сәттілік тілеп, тартысты әрі нәтижелі белдесулер өткізуіне тілектестік білдірді.
Жарыс барысында 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер түрлі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлерін анықтайды.
Айта кетейік, республикалық чемпионат Жезқазған қаласындағы "Жігер" дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтіп жатыр.
