Желіде Қазақстан армиясына қатысты делінген видео тарады. Осыған байланысты қазақстандықтарға ескерту жарияланды, деп хабарлайды astana24.com Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына сілтеме жасап.
Орталықтың Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, Threads желісінде "Қырғызфильм" киностудиясының "Баткен" көркем фильмінен үзінділер тарап жатыр, оны Қазақстан Қарулы күштеріне қатысты шынайы оқиға ретінде көрсетуде.
"Бұл ретте бейнематериалдарға эмоционалды сипаттағы пікірлер мен деструктивті үндеулер қосылып, пайдаланушыларды жаңылыстырып, әлеуметтік шиеленістің артуына ықпал етуі мүмкін",- делінген хабарламада.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы пайдаланушыларды осындай ақпараттық манипуляциялардың таралу құралына айналмауға шақырады.
"Жалған және көрінеу жалған ақпаратты тарату заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске саламыз. Тексерілмеген ақпаратты таратпаңыз. Фактілерді тексеріп, қоғамдық пікірді манипуляциялауға жол бермеңіз", – деп ескертті орталық өкілдері.
