Қазақстандық ерлі-зайыпты жеті айда Алматыдан шығып, 5 мың шақырымнан астам жол жүріп, Қытай, Вьетнам және Таиланд аумағы арқылы Малайзияға барды. Олар бұл сапарға бала күнгі армандарын жүзеге асыру үшін шыққан, деп хабарлайды "24KZ".
Телеарна мәліметінше, олар Азия құрлығындағы осы өңірдің мәдениеті мен тарихына қызығады. Сапарды осы елдер арасындағы визасыз режим жеңілдеткен. Алдағы айда олар Сингапур арқылы Индонезияға жол тартпақ.
"Бұл сапардағы мақсаттарымыздың бірі – Қазақстанды таныстыру. Жергілікті тұрғындар үлкен қызығушылық танытып, қайдан келгенімізді сұрайды. Біз жолай тоқтап, еліміз туралы айтып береміз, табиғатымыздың әсемдігін көрсетеміз. Әлеуметтік желілерде де видео, суреттермен бөлісеміз. Сол арқылы Қазақстанға барғысы келетіндер көбейіп жатыр. Басым бөлігі қарды және тауларымызды өз көздерімен көргісі келеді", – дейді велосаяхатшы Алина Пак.
Велосаяхатшы Максим Пак жолда қиындықтар да болғанын айтады.
"Әсіресе Қытайдың таулы аймақтарында, Вьетнаммен шекараға жақын жерде биіктігі 3 мың метрге дейін жететін асулардан өттік. Бір апта бойы үздіксіз жүріп келдік. Оған қоса ауа райы қолайсыз болып, температура бірден минус бес градусқа дейін төмендеді. Шатырда түнеп, от жағып жылындық. Физикалық тұрғыдан да, моральдық жағынан да оңай болған жоқ", – дейді Максим Пак.
