АҚШ, Ресей және Қытай көшбасшылары Қытайдың Шэньчжэнь қаласында, Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы ұйымының саммиті аясында кездесіп, әлемдегі геосаяси жағдай туралы бірқатар мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com.
РБК хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин Ресей, Қытай және АҚШ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бірдей жауапты екенін мәлімдеді.
"Біздің үш мемлекетімізді Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңімпаз елдер мәртебесі ғана емес, ең бастысы – халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы ортақ жауапкершілік біріктіреді", – деді Путин. Сондай-ақ ол Си Цзиньпинге үшжақты кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.
СNN мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей және Қытай көшбасшыларымен бөлек кездескен. Ол Си Цзиньпин екеуін АҚШ-тың да, Қытайдың да халқының мүддесіне сай тамаша жеке қарым-қатынас байланыстыратынын мәлімдеді. Трамп Владимир Путинді "досым" деп атады.
"Әлемнің үш ірі елдерінің басшылары ретінде біз тек өз халқымызға ғана емес, бүкіл планетаға әсер ететін мәселелер бойынша ашық, сыйласымды және нәтижелі диалогты қолдау үшін ерекше жауапкершілік арқалаймыз.
Өткен кезеңдерде көшбасшылар келіспеушілік болған елдермен сөйлесуден тым жиі қашқақтайтын, ал біз керісінше істеу керек деп есептейміз және бұған сенімдіміз", – деді Трамп.
Трамп қарым-қатынаста қайшылықтар бар елдердің көшбасшыларымен келіссөз жүргізуден бас тарту арқылы ешқандай мәселе шешілмегенін мәлімдеді.
"Сондықтан өзара іс-қимыл мен пікір алмасу мүмкіндіктерін қысқарту арқылы ешқашан бейбітшілікке қол жеткізілмеген. Біз басқа жолды таңдаймыз", – деді ол.
Синьхуа хабарлағандай, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай, Ресей және АҚШ мемлекет басшыларының кездесуі жаңашыл маңызға ие болды.
Сондай-ақ ол Қытайдың Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық ынтымақтастықтың бастаушысы, драйвері әрі авангарды екенін атап өтті. Ол Қытай Азия-Тынық мұхиты қауымдастығын қолдайтын тіректерді тұрғызу үшін барлық тараппен жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
ТАСС мәліметінше, Путин, Трамп және Си Цзиньпин кездесуінің ашық бөлігі 10 минуттан астам уақытқа созылды.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков кездесудің жалпы ұзақтығын мемлекет басшылары өздері анықтайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, үш елдің көшбасшылары ауқымды мәселелерді, оның ішінде "әлем денесінде іріңдеп жатқан" қақтығыстарды да талқылай алады.
