in

"Тиктокер психиатриялық ауруханаға түсті": Қазақстанда стримерлердің қаншасы жазаланды

TikTok арқылы тікелей эфирде балағат сөздер айтатындардың қарасы көбейген. "Мен мұны тек контент үшін жасадым" деген стримерлердің уәжі жауапкершілікке тарту кезінде есепке алынбайды. Бір ғана мысал, күні кеше Жамбыл облысындағы тиктокер психиатриялық ауруханаға жатқызылды. Қазақстандағы стримерлердің бүгінде қаншасы жазаланғанын "КТК" тілшісі анықтап көрді.

TikTok желісінде "Алтын қыз" лақап атымен танымал 41 жастағы әйел — тікелей эфирде табыс табамын деп, талайды тілімен түйрегендердің бірі. Ол осыған дейін бірнеше мәрте балағат сөздер айтқаны үшін айыппұл да төлеген, ескерту де алған. Заң өкілдерінің ескертпесін елемеген блогер бүгінде психиатриялық ауруханаға жатқызылған.

Айыппұл арқалап, тәуліктеп қамаққа кеткендер бүгінде аз емес. 40-қа жуық азамат жауапқа тартылыпты. Бұл — осы аптадағы көрсеткіш.

"Сот шешіміне сәйкес, олардың кейбіріне әкімшілік айыппұл, кейбіріне әкімшілік қамауға алу жазасы берілді. ІІМ тағы да ескертеді: эфирден өзге адамдардың шекарасынан өтіп, былапыт сөздер айтып, біреуді қорлауға, нәсілдік, діни және ұлттық алауыздық қоздыруға қатаң тыйым салынады. Сөз бостандығы шектелмейді, дегенмен заңсыздыққа жол берілмейді", – дейді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Осы орайда "TikTok желісінде донаттан түскен табыс үшін салық төлеу керек пе, балағат сөздер айтқаны үшін қанша айыппұл арқалайды" деген сауалдарға заңгер Арыс Данағатов жауап берді.

"Азаматтық кодекс бар, қылмыстық кодекс бар және әкімшілік кодекс бар. Егер адам өзі эфир өткізсе, сол жерде балағат сөз айтса, бұл — ұсақ бұзақылық, 86 500 теңге айыппұл салынуы мүмкін. Егер бір жылдың ішінде тағы қайталаса, 15 тәулікке дейін қамалуы мүмкін, Медиасфера дейміз ғой, TikTok желісінде, Instagram-да тапқан ақша, әрине, табыс ретінде саналады. Егер табыс алса, ол жеке кәсіпкер ретінде ЖК, не ЖШС ашып, салық төлеп отыруға тиіс", – дейді Арыс Данағатов.

Дереккөз: "КТК" арнасы