Бүгін "Ұмай" әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталды. Бағдарламаға қатысуға ниетті адамдардың көптігінен "Отбасы банк" бөлімшелерінің бірінің кіреберісінде кептеліс пайда болды. Желіде оқиға кезінде түсірілген видео тарады, деп хабарлайды astana24.com.
"Отбасы банк" бөлімшесіне адамдардың бір-бірін итермелеп кіруге ұмтылған сәтінен видеоны Instagram желісіндегі ipoteka_sunkar аккаунты жариялады.
"Отбасы банк", "Ұмай", – делінген видеоның сипаттамасында.
"Отбасы банк" баспасөз қызметінің NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, "Ұмай" бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау және қарыз беру Азия даму банкінен (АДБ) транштардың келіп түсуіне қарай жүзеге асырылады.
"2026 жылдың 3 қарашасында көлемі 20 млрд теңге болатын екінші транш бойынша өтінімдерді қабылдау басталды. Сағат 11:30-дағы жағдай бойынша 300 өтінім қабылданды. Өтінімдер түсу ретімен қаралады.
Бағдарламаға қызығушылық оның шарттарына байланысты: конкурссыз қатысады, төмендетілген бастапқы жарна, баспананы бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да сатып алу мүмкіндігі, меншігінде баспананың жоқтығы туралы талаптың болмауы. Барлық өтінім бағдарлама шарттарына сәйкестігі бойынша стандартты тексеруден өтеді", – деп хабарлады банктегілер.
Банктің баспасөз қызметі өтінімді "Видеоқызмет көрсету" сервисі арқылы онлайн, "Отбасы банктің" кеңесшілері арқылы немесе бөлімшеде беруге болатынын айтты.
"Өтінім қабылдау басталған күні банктің сервистеріне өте жоғары жүктеме түсті, соның салдарынан клиенттердің бір бөлігі кеңес алу және құжат тапсыру кезінде кідірістерге тап болды.
Банк сервистердің жұмысын тұрақтандыру үшін шаралар қабылдауда. Өтінімдерді қабылдау, соның ішінде бөлімшелер, кеңесшілер және видеосервис арқылы жалғасуда", – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Сондай-ақ банк бірінші транш (9 млрд теңге) бойынша өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың 31 тамызында басталғанын еске салды.
2026 жылғы 3 қарашадағы жағдай бойынша бірінші транш қаражатының 96 пайызы игерілген, 8,6 млрд теңге сомасына 435 қарыз берілген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от IPOTEKA_SUNKAR (@ipoteka_sunkar)
