Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Ираннан аймаққа келтірілген залал үшін өтемақы төлеуді талап етті, деп хабарлайды ұйымның ресми сайтына сілтеме жасаған astana24.com.
Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің (ПШАМЫК) бас хатшысы Джасем Мұхаммед Әл-Будайви БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ұйым мүшелері өз қауіпсіздігіне, егемендігі мен аумақтық тұтастығына жасалатын кез келген қолсұғушылыққа қарсы екенін мәлімдеді.
Ол шабуылдар халықаралық құқықты өрескел бұзу әрі жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген тікелей қатер екенін атап өтті.
"2026 жылғы 28 ақпаннан бастап ПШАМЫК-ке мүше мемлекеттер Иран тарапынан жасалған шабуылдарға ұшырауда, оның барысында 7000-нан астам зымыран мен ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылды. Әуежайлар, теңіз айлақтары, энергетикалық инфрақұрылым нысандары, электр станциялары мен су тұщыту қондырғылары, сондай-ақ тұрғын аудандар мен азаматтық инфрақұрылым бұл шабуылдардың нысанасына айналды.
Соның салдарынан адамдар зардап шекті, инфрақұрылымға елеулі залал келді, сондай-ақ Парсы шығанағы айдынындағы теңіз ортасына айтарлықтай зиян тиді", – деді спикер.
Ол ПШАМЫК атынан бұл шабуылдарды тағы да айыптап, олардың салдары үшін Иран толық жауапты екенін айтты.
Сонымен қатар Джасем Мұхаммед Әл-Будайви Ираннан заңсыз әрекеттері салдарынан келген залал, шығындар мен жарақаттар үшін өтемақы төлеуді талап етті.
