in

Уиткофф Украина бойынша жаңа кездесу өтетінін хабарлады

Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Украинадағы жағдайды реттеу процесі аясында жаңа кездесу өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости агенттігіне сілтеме жасаған astana24.com.

АҚШ президентінің арнайы өкілі жаңа кездесу өтетінін Ирландияда Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін мәлімдеді.

"Біздің кестемізде тағы бір кездесу жоспарланған", – деді Уиткофф журналистерге.

Дегенмен ол жаңа кездесудің нақты мерзімін атаған жоқ.

Ақ үй басшысының тағы бір арнайы өкілі Джаред Кушнер бұған дейін Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі көпжақты келіссөздердің жаңа раунды келесі аптада өтетінін мәлімдегені атап өтілді.

Бұдан бөлек, Трамптың күйеу баласы X әлеуметтік желісінде Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі үш күндік қарқынды дипломатиялық марафон аяқталғанын хабарлады.

"Елеулі қайшылықтар сақталып отырғанына қарамастан, қол жеткізілген прогресс бізге сенім ұялатады. Біз соғыс қимылдарын тоқтатып, баянды бейбітшілік орнатуға, егемен, қауіпсіз әрі гүлденген Украина мен анағұрлым тұрақты Еуропаның негізін қалауға мүмкіндік беретін серпіліс жасау үшін барлық қажетті күрделі дипломатиялық жұмысты атқаруға дайынбыз", – деді Джаред Кушнер.

Жақын арада америкалық тарап жаңа келіссөздер өтетін нақты күндерді жариялауға уәде берді.