Алматыдағы Қарасу өзенінің жағалауы көркейтілген серуен аймағына айналды, деп хабарлайды қала әкімдігіне сілтеме жасаған astana24.com.
Әкімдіктің мәліметінше, Жетісу ауданына қарасты Кемел шағынауданындағы Қарасу өзенінің бұрын қараусыз қалған жағалауы серуендеуге, спортпен шұғылдануға және демалуға арналған қоғамдық кеңістікке айналған.
"Көркейту жұмыстары барысында өзен жағалауы бекітіліп, жүргіншілерге арналған аллеялар салынып, брусчатка төселді.
Аумаққа 500-ден астам ағаш, мыңнан астам бұта мен сәндік өсімдік егілді. Жасыл желекті күтіп-баптау үшін автоматты суару жүйесі орнатылды", – делінген хабарламада.
Тұрғындар үшін футбол және волейбол алаңдары, скейт-парк, ниндзя-парк, воркаут аймағы және екі балалар ойын кешені жабдықталған.
Сондай-ақ бақылау алаңы, перголалар мен көбелек және бұғы пішініндегі фотоаймақтар пайда болған.
