Жасанды интеллект элементтерін студенттік және ғылыми жұмыстарды жазу барысында бірқатар талапты сақтай отырып пайдалануға болады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында журналистің сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды astana24.com.
Саясат Нұрбек Қазақстан білім беру үдерісіне ЖИ-ді белсенді енгізе бастаған алғашқы елдердің бірі болғанын атап өтті. Бұл ретте негізгі қағида – ЖИ студентке көмектесуі керек, бірақ оның өз жұмысын алмастырмауы тиіс.
"Біріншіден, студент немесе зерттеуші өз қорытындысын жасауға тиіс аналитикалық бөлімдерді, тұжырымдар мен қорытындыларды жазу кезінде алгоритмдерді қолдануға болмайды.
Екіншіден, ЖИ немесе алгоритмдердің нәтижелерін пайдаланған жағдайда міндетті түрде сілтеме жасау қажет. Яғни, "осы бөлімді мен белгілі бір алгоритмнің көмегімен алдым, ол деректерді өңдеп, маған осындай нәтижелер берді" деп көрсету керек", – деді ғылым және жоғары білім министрі.
Министрдің айтуынша, студенттік жұмыстарда ЖИ қолданудың рұқсат етілген көлемін әрбір жоғары оқу орны өз бетінше айқындайды.
