in

Таразда 2023-2026 жылдары 400-ге жуық автобус жаңарды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, азаматтарды толғандырған әлеуметтік мәселелерді шешу және елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру мәселелеріне айрықша көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Тараз қаласында да бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынған. Соның бірі – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және қоғамдық көлік қатынасын жақсарту мақсатында көлік жүйесін жаңғырту.

Әрине шаһар аумағы кеңейіп, жолаушылар ағыны артқан сайын қоғамдық көлік жүйесіне түсетін жүктеме де көбейетіні белгілі. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар тізгінін ұстай салысымен аталған мәселені шешуге ерекше екпін түсірді. Соған сәйкес қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспарында жыл сайын 70 қоғамдық көлік алу көзделген болатын.

Осы жоспар аясында және облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей тапсырмасымен 2023 жылы қалаға 73 қоғамдық көлік алынса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 155 автобусқа жетті. Ал өткен жылы шаһар аумағына 91 қоғамдық көлік жеткізілді. Биылғы жылдың басынан бері қосымша 48 автобус әкелінді. Осылайша соңғы жылдары жаңарған қоғамдық көліктердің жалпы саны 391-ді құрап отыр.

Нәтижесінде Тараздағы жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 87 пайызға дейін артып, қоғамдық көлік саны 330-дан 560 автобусқа дейін көбейді. Сондай-ақ жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында қосымша 15 бағыт ашылып, қазіргі уақытта қала тұрғындарына 48 бағыт бойынша қоғамдық көлік қызмет көрсетуде.

Бұл тұрғыда Байзақ және Жамбыл аудандарынан қала құрамына қосылған елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамтуға басымдық берілуде. Нақтырақ тоқталсақ, Жамбыл ауданынан қосылған "Шайқорық", "Танты", "Шайқорық стансасы", "Қоңыртөбе" алаптарына – №3, "Бектөбе", "Қызылшарық", "Кемел", "Түрксіб" алаптарына – №37, "Жалпақтөбе" алабына – №62, "Ақбұлым" алабына №31 маршрут ашылды. Сонымен қатар "Қызыл Жұлдыз" алабында қызмет көрсеткен №1 маршрут бойынша тасымалдаушы мекеме ауыстырылып, бағыт толықтай жаңа үлкен сыйымдылықтағы автобустармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ "Талас" және "Талас стансасы" алаптарына қосымша №62 маршрут іске қосылса, ағымдағы жылдың 1- қыркүйегінен бастап "Қызылшарық" (Новоджамбулец) алабынан "Жансая" шағын ауданы аралығында қоғамдық көлік қызметі қамтамасыз етілді.

Одан бөлек былтыр Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылынан Таразға қатынайтын қоғамдық көліктің мәселесі шешімін тапса, ағымдағы жылдың 7 кыркүйегінен бастап Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылы мен Тараз қаласы арасында №67 жаңа бағыт ел игілігіне берілді. Сондай-ақ жуырда Тараз бен Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылдық округі аралығында қатынайтын жаңа бағыт іске қосылды. Жаңадан ашылған №4 бағыттағы 10 қоғамдық көлік Бурыл мен Құмжота ауылдарын Тараздағы "Ауыл береке" базары, Сыпатай батыр, Төле би, Аққозиев, Балуан шолақ, Жібек жолы, Самарқанд, Абай көшелері арқылы "Түрксіб" алабымен байланыстыратын болады. Жүру аралығы15 минутты құрайды. Бұл шешім аталған аумақтардағы әбден тозығы жеткен 2004-2007 жылғы шығарылған "ПАЗ" маркалы автобустарды алмастыру, жүру жиілігін 30 минуттан 15 минутқа дейін қысқарту нәтижесінде тұрғындарға қолайлы қызмет көрсету қажеттілігінен туындап отыр.

Жол ақысы да қала тарифімен бекітілді. Яғни, барлық тұрғындар үшін – 100 теңге, ал, 18-ге толмаған жасөспірімдер мен балалар үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларының иегерлері, "Батыр ана", "Ана даңқы" ордендерінің I және II дәрежелерімен наградталған көпбалалы аналар және бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар автобуста тегін жүруге құқылы.

Алдағы уақытта да қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру, жолаушыларға қолайлы жағдай қалыптастыру және шалғай елді мекендердің көлік қатынасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл ретте тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен күнделікті сұраныстары ескеріліп, тасымалдау қызметінің тиімділігін арттыруға басымдық берілмек. Өйткені қоғамдық көлік – қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі. Оның қолжетімді әрі сапалы болуы – тұрғындардың уақытын үнемдеп қана қоймай, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететін негізгі факторлардың бірі екені сөзсіз.