Ирандық әнші Парасту Ахмади мен оның командасындағы музыканттарға хиджабсыз өнер көрсеткені үшін 74 рет дүре соғылды, деп хабарлайды astana24.com.
Иранда әнші Парасту Ахмадиге, концерт ұйымдастырушысына және музыканттарға қатысты cот үкімі орындалды. Олардың әрқайсысына 74 рет дүре соғылды.
CNN-нің хабарлауынша, бұл іс Ахмадидің 2024 жылы 11 желтоқсанда Құм қаласына жақын орналасқан тарихи Дейр-Гачин керуен-сарайында өткен концертімен байланысты. Концерт көрерменсіз өткен, ал әнші жазбаны YouTube-те жариялаған. Бейнеролик миллиондаған қаралым жинады.
Кадрлардан Ахмади ер музыканттармен бірге ән шырқағанын көруге болады. Ол үстіне жеңсіз ұзын қара көйлек киген, ал басына орамал тақпаған, бұл "Иранда хиджаб кию міндетті" деген ережеге қайшы болған.
Әнші өз өнерін "гипотетикалық концерт" деп атады.
"Мен өзім жақсы көретін адамдар үшін ән айтқым келеді. Бұл мен бас тарта алмайтын құқық, яғни мен қатты жақсы көретін жер үшін ән айту" , – деп жазды ол видео астындағы жазбасында.
Жазба шыққаннан кейін елдің сот жүйесімен байланысты ирандық Mizan агенттігі әртіс пен оның командасына қарсы іс қозғалғанын хабарлады. Концерті заңсыз деп аталып, Иранның құқықтық және діни нормаларына сәйкес келмейтіні айтылды.
Euronews мәліметінше, ирандық әнші Парасту Ахмадидің адвокаты дүйсенбіде оған және оның концерттік командасының төрт мүшесіне қатысты тән жазасы туралы сот үкімі орындалғанын хабарлады.
Үкім сондай-ақ топ мүшелері Сохейла Фагих-Насири, Амин Тахери және Амерали Пирнияға, сондай-ақ концерт ұйымдастырушысы Мохсен Лашкариге қатысты болды.
Жалпы алғанда Құм провинцисының қылмыстық соты концерт командасының тоғыз мүшесіне 74 қамшы соққысы, екі жылға елден шығуға тыйым салу және екі жылға шығармашылық қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын тағайындады.
Ахмадидің жағдайы Ирандағы әйел әншілерге көрсетіліп жатқан қысым аясында болғаны аталып өтті. 2025 жылы ақпанда әнші Хива Сейфизаде Тегеранда дәстүрлі иран музыкасын орындағаннан кейін "сыбайлас жемқорлық пен жезөкшелікті насихаттағаны үшін" төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Тамызда Сейфизаде бейнеүндеуінде парсы ақыны Саади Ширазидің бірнеше өлеңін ғана орындағанын айтып, өз өнерін қалайша сыбайлас жемқорлық немесе жезөкшелікті насихаттау ретінде бағалағанын түсінбейтінін жеткізді. Ол үкімге шағымданатынын хабарлады.
Иран билігі Ахмади мен оның командасының басқа да мүшелеріне қатысты жазаның орындалуына әлі түсінік берген жоқ.
She sang. They answered with a whip. For daring to sing in an online concert with no spectators, #ParastooAhmadi was subjected to 74 lashes by the Islamic Republic. Seventy-four lashes for a woman’s voice. https://t.co/ZulBzPva6x— Mahmood Amiry-Moghaddam (@iranhr) November 23, 2026
