in

Қалта көтеретін несие: қарызды қалай артық тәуекелге бармай алуға болады

Бірі несиені қарызға батыратын міндеттеме деп санап, одан барынша аулақ болуға тырысады. Ал енді бірі, керісінше, ірі сатып алулардың барлығын дерлік несиеге рәсімдеуге үйренген. Алайда бұл мәселеде тепе-теңдікті сақтап, өз мүмкіндіктеріңіз бен ықтимал тәуекелдерді алдын ала бағалаған маңызды. Сонда ғана несие қаржылық мәселелерді шешудің тиімді құралына айнала алады. Қарыз алмас бұрын нені ескеру қажет екенін NUR.KZ тілшісі анықтап көрді.

Табысыңызды ғана емес, шығындарыңызды да есептеңіз

Несие шартына қол қоймас бұрын қарызды бүкіл мерзім бойы қиналмай төлей алатыныңызға көз жеткізген жөн. Жалақыңыз айтарлықтай жоғары болып көрінгенімен, ай сайынғы несие төлемі қалтаңызға ойлағаннан да көбірек салмақ түсіруі мүмкін.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласының сарапшысы Гүлбану Түсіпбекованың айтуынша, ең алдымен банк қандай сомаға несие беруге дайын екенін емес, жеке бюджетіңізді есептеп алған дұрыс.

"Банк қарыз алушының төлем қабілетін ресми талаптар негізінде бағалайды. Яғни расталған табысы мен қолданыстағы қарыз міндеттемелерін ескереді. Ал отбасының алдағы шығындарын, маусымдық шығыстарын және кредиттік тарихта көрсетілмеген міндеттемелерін есепке алмайды. Сондықтан банктің несие беруге мақұлдау жасауы қарыз алушының ай сайынғы төлемді қиналмай өтей алатынын білдірмейді", – деді сарапшы.

Ол алдымен соңғы алты айдағы банк шоттарының үзінді көшірмелеріне сүйеніп, барлық шығынды есептеуге кеңес береді. Бұл ретте күнделікті және ай сайынғы шығыстардан бөлек, сирек төленетін салық, автокөлікті сақтандыру, балаларды мектепке дайындау сияқты шығындарды да ескерген жөн. Сарапшы мұндай шығыстардың жылдық сомасын 12 айға бөліп, ай сайынғы бюджетке қосуды ұсынады.

"Міндетті шығындарды жеке есептеңіз. Оған баспана мен коммуналдық қызметтер, азық-түлік, көлік, байланыс, білім беру және медициналық қызметтер кіреді. Табысыңыздың кемінде 10%-ын жинаққа және күтпеген шығындарға қалдырыңыз. Осыдан кейін қалған қаражат – несиеге ай сайын төлеуге болатын сома", – деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, табыстың 30-35%-ы көлеміндегі қарыз жүктемесі қалыпты деп есептеледі. Ал бұл көрсеткіштен асып кетсе, несие төлемін кешіктіру қаупі артады. Гүлбану Түсіпбекова несиені төлеу қаншалықты қиын болатынын алдын ала тексерудің қарапайым тәсілін де ұсынды. Ол үшін екі-үш ай бойы несиеге төлейтін соманы жинап көру керек.

Барлық қаржылық міндеттемеңізді ескеріңіз

Кейде адамның бұрыннан төлеп жүрген несиесі, бөліп төлеуге алған тауары, ипотекасы немесе басқа да қарыздары болады. Мұндай жағдайда барлық қарыздың жалпы көлемін және оларды өтеу мерзімдерін есептеу маңызды. Тіпті өзіңіз қосалқы қарыз алушы болып саналатын несиелерді де назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл қаржылық жағдайыңызды нақты бағалап, жаңа несиенің бюджетке қаншалықты салмақ түсіретінін түсінуге көмектеседі.

Сонымен қатар Гүлбану Түсіпбекова несие алуға өтінім бермес бұрын кредиттік есепті тексеруге кеңес берді. Осылайша сіздің атыңызда өзіңіз рәсімдемеген қарыздар бар-жоғын дер кезінде анықтай аласыз. Кредиттік есепті жылына бір рет Бірінші кредиттік бюро мен Мемлекеттік кредиттік бюро сайттарынан тегін алуға болады.

Адам өзінің қаржылық жағдайын неғұрлым жақсы білсе, шамадан тыс қарызға батпай, несие сомасын соғұрлым дұрыс таңдай алады.

"Мысалы, адамның айлық табысы 400 000 теңге делік. Оның автонесиесі бойынша ай сайынғы төлемі 90 000 теңге, ал бөліп төлеуге алған екі тауарының әрқайсысына 25 000 теңгеден төлейді. Сонда жалпы төлемі 140 000 теңгені немесе табысының 35%-ын құрайды. Борыш жүктемесі коэффициентінің шекті мәнін (табыстың 50%-ы) ескерсек, мұндай қарыз алушы ай сайынғы төлемі 60 000 теңгеге дейінгі жаңа несиеге ресми түрде үміткер бола алады. Алайда бұл жағдайда табысының жартысы қарыздарды өтеуге жұмсалады да, күтпеген шығындарға қаражат қалмайды деуге болады. Бұл – үлкен тәуекел. Сондықтан мұндай қаржылық міндеттемені мойынға алу ұсынылмайды", – деді сарапшы.

Ай сайынғы төлемге ғана назар аудармаңыз

Несие таңдағанда қарыз алушылар көбіне ай сайынғы төлем мөлшеріне мән береді. Өйткені олар өз бюджетінен тұрақты түрде қанша қаражат бөлетінін білгісі келеді. Алайда Гүлбану Түсіпбекованың айтуынша, несие мерзімін ұзарту арқылы ай сайынғы төлемді азайтуға болғанымен, мұндай жағдайда артық төленетін жалпы сома көбейеді.

Сондықтан несие шарттарының барлығын мұқият қарау қажет. Атап айтқанда, номиналды мөлшерлемемен салыстырғанда, комиссиялар мен басқа да міндетті төлемдерді қамтитын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне (ЖТСМ), артық төленетін жалпы сомаға, несиені мерзімінен бұрын өтеу шарттарына, қарыз валютасына және сақтандыру сияқты қосымша қызметтерге назар аударған жөн. Сондай-ақ несиені өтеу әдісін де ескеру керек.

"Аннуитеттік әдіспен өтеу кезінде ай сайынғы төлем бүкіл несие мерзімі бойы өзгермейді. Ал сараланған әдісте алғашқы төлемдер жоғары болғанымен, артық төленетін жалпы сома аз болады. Қай әдісті таңдау керектігі қарыз алушының табыс ерекшеліктеріне байланысты", – деп түсіндірді Гүлбану Түсіпбекова.

Сарапшы несие шартына қол қоймас бұрын келісімшарт пен төлем кестесін мұқият оқып шығуға, жарнамаға еріп немесе асығыс шешім қабылдамауға кеңес берді.

Күтпеген жағдайларға алдын ала дайын болыңыз

Тұрақты жұмысы мен табысы бар адамның өзі күтпеген жағдайларға тап болуы мүмкін. Мәселен, уақытша жұмыссыз қалуы, жалақысының азаюы немесе жоспардан тыс шығындар туындауы ықтимал. Сондықтан несие рәсімдемес бұрын қазіргі табысыңызды ғана емес, қиын жағдайда қаржылық тұрақтылықты қаншалықты сақтай алатыныңызды да бағалаған жөн.

Сарапшы үш түрлі жағдайды алдын ала қарастыруға кеңес береді: табыстың 20-30%-ға төмендеуі, уақытша табыссыз қалу және қосымша табыс көздерінің болуы.

"Қаржылық қиындықтар туындаса, төлемді кешіктірмей тұрып банкке дер кезінде жүгіну маңызды. Қарыз алушы несие шартының талаптарын өзгерту туралы өтініш беруге құқылы. Атап айтқанда, төлемді кейінге қалдыруды, төлем кестесін өзгертуді немесе ай сайынғы төлемді уақытша азайтуды сұрай алады. Банк қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтінішті қарап, жауап беруге міндетті. Ал бұрынғы несиені жабу үшін жаңасын рәсімдеу, әдетте, қарыз жүктемесін одан әрі арттырып, мәселенің шешімін кейінге шегереді", – деп түсіндірді Гүлбану Түсіпбекова.

Мұндай жағдайларда үш-алты ай бойы күнделікті шығындар мен несие төлемдерін жабуға жететін қаржылық қордың болуы көмектеседі. Сарапшы жинақталған қаражатты сақтау үшін сыйақыдан айырылмай, ақшаның бір бөлігін шешіп алуға мүмкіндік беретін депозитті пайдалануға кеңес береді.

Несие алаңдаушылық тудыратын ауыртпалық емес, қаржылық мақсатқа жетуге көмектесетін тиімді құрал болуы керек. Ол үшін өз мүмкіндіктеріңізді мұқият бағалап, алдағы шығындарды алдын ала жоспарлаған маңызды. Асығыс шешім қабылдамай, шын мәнінде қажет сомадан артық қарыз алмауға тырысыңыз. Ең бастысы, несие рәсімдеуге барынша жауапкершілікпен қарап, барлық тәуекелді алдын ала есептеңіз. Сонда несие отбасылық бюджетке қосымша салмақ түсірмей, алға қойған мақсатыңызға жетуге көмектесетін дұрыс қаржылық шешімге айналады.

*Материал Freedom банкінің қолдауымен дайындалды.