in

1 желтоқсаннан бастап тыйым салынады: ІІМ жүргізушілер ескеруге тиіс маңызды ережені еске салды

Ауа райының қолайсыздығына байланысты ІІМ жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды. Сонымен қатар 1 желтоқсаннан бастап көлік құралдарын қысқы дөңгелексіз пайдалануға тыйым салынатынын еске салды, деп хабарлайды astana24.com Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ІІМ-нің ақпараттық медиа-порталы атап өткендей, "Қазгидромет" деректеріне сәйкес, 26 қарашадан бастап еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығы күтіледі.

Жаңбыр мен қар жауып, жел соғады. Жолда көктайғақ болуы мүмкін. Мұндай қолайсыз ауа райы жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Көріну қашықтығы төмендеп, көліктің тежеу жолы ұлғаяды.

"Осыған байланысты жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, көлік құралдары арасында қауіпсіз қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтауды, кез келген маневрді барынша сақтықпен орындауды ескертеміз. Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын алдын ала тексеріңіздер. Қажет болмаса, қалааралық сапарлардан бас тартқан жөн", – деді ІІМ өкілдері.

Сонымен қатар 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін көлік құралдарын қысқы дөңгелектерсіз пайдалануға тыйым салынатынын еске салды.

"Жаяу жүргіншілерді де сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Жолдан өтер алдында көліктердің толық тоқтағанына немесе жүргізушінің сізге жол беріп жатқанына көз жеткізіңіз. Өту кезінде ұялы телефонға алаңдамаңыз, құлаққапты шешіп, айналадағы жағдайды бақылаңыз", – деп ескертті полиция.

Полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырма берілген.

"Жолдағы қауіпсіздік – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Жол жүрісі қағидаларын сақтаңыздар", – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Архат Төлегенов.