Маңғыстау облысында түйе баққан шаруалардың салғырттығы қымбатқа түсті. Олар 250 мың теңгеден астам сома айыппұл төлеуге мәжбүр, деп хабарлайды astana24.com Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Соттың Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, Бейнеу – Маңғыстау бағытында келе жатқан жүк пойызының алдына үш қараусыз қалған түйе шыққан.
Машинист шұғыл тежеуді қолданған. Алайда пойыздың ауыр салмағы мен қашықтықтың аз болуына байланысты соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады.
Оқиға салдарынан түйелер пойыздың астында қалды, ал рейс бір жарым сағатқа кешікті. Тасымалдаушыға келтірілген материалдық шығын 251 мың теңгеден асты.
Оқиға фактісі іс материалдарымен, машинистің түсіндірмесімен және құрам қозғалысы құжаттарымен расталды. Полиция жануарлардың иелерін ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Хаттамалар олардың қатысуымен жасалып, қол қойылды.
Сот талқылауы мал бағуды бақылаусыз қалдырудың қандай зардаптарға әкелетінін көрсетті. Иелері белгіленген талаптарды бұзып, жануарларды қараусыз қалдырған.
Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларына сәйкес, теміржолдардың бөлінген жолағында мал жаюға, сондай-ақ белгіленбеген жерлерден, оның ішінде тәуліктің қараңғы уақытында малды теміржол арқылы айдап өтуге тыйым салынады.
Азаматтық кодекстің 917-бабына сәйкес заңды тұлғаның мүлкіне заңсыз әрекеттер немесе әрекетсіздік салдарынан келтірілген зиянды оны келтірген тұлға толық көлемде өтеуге тиіс.
Маңғыстау аудандық соты компанияның талап арызын толық көлемде қанағаттандырды. Жануарлардың иелерінен шығынды өтеу ретінде 251 мың теңгеден астам сома, сондай-ақ сот шығындары өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
