in

Үш жылға спорттан шеттетілген атыраулық дзюдошы татамиге оралды

Дзюдошы Айболат Ыстыбай ұзақ уақытқа созылған дисквалификациядан кейін татамиге қайта оралады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.

Cпортшының халықаралық аренадағы алғашқы жарысы белгілі болды. Атырау облысының өкілі 28-29 қараша күндері Гонконгте өтетін Asian Open турниріне қатысуға өтінім берген Қазақстан құрамасының қатарына енді.

Бұл жарыста Айболат Ыстыбай 66 келіде емес, 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдеседі.

Айта кетейік, дзюдошы 2023 жылғы 18 тамызда Загребте өткен Гран-при кезеңінде қола жүлдеге ие болған еді. Алайда кейін допинг-тест нәтижесіне байланысты спортшының жүлдесі жойылып, үш жылға жарыстардан шеттетілді. Қазіргі таңда оның дисквалификация мерзімі ресми түрде аяқталды.

Айболат Ыстыбай 2015 жылы кадеттер арасында өткен әлем чемпионатында 50 келі салмақта топ жарып, әлем чемпионы атанған.