in

Қазақстандық балуандар жастар арасындағы әлем чемпионатында тағы үш медаль жеңіп алды

Лас-Вегаста өтіп жатқан жастар арасындағы (U23) әлем чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы тағы үш медаль еншіледі, деп хабарлайды astana24.com.

87 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ұлттық құрама өкілі Темірлан Тұрдақын финалға дейін жетті. Алайда шешуші белдесуде ол ирандық Ясин Али Яздиден 0:4 есебімен жеңілді.

Тағы екі қазақстандық қола жүлде үшін өткен кездесеуде жеңіске жетті. Арсен Жұма (55 кг дейін) медаль үшін күресте қырғызстандық Барсбек Асанқожоевты 3:0 есебімен жеңді. Жохар Узаров (130 кг дейін) қола жүлде үшін белдесуде армениялық Арамаис Арутюняннан 5:1 есебімен басым түсті.

Осылайша, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы Лас-Вегастағы әле чемпионатында екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Бұған дейін Айбек Айтбеков (60 кг дейін) пен Юсуф Ашрапов (72 кг дейін) чемпион атанған болатын.

Командалық рейтингте қазақстандық "классиктер" (114 балл жинады) тек Иран құрамасына (119 балл) жол беріп, екінші орынға табан тіреді.