in

Өнеркәсіп министрлігі өкілдері 10 пайыз жарнамен қолжетімді болатын жаңа ипотекалық бағдарлама туралы айтты

Өнеркәсіп министрлігінің өкілдері үкіметте өткен брифингте келесі жылы елімізде тұрғын үй бағдарламаларына қатысты қандай жаңашылдықтар болатынын айтты, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков бастапқы жарнаны төмендетуді көздейтін механизмдер пысықталып жатқанын хабарлады.

"Отбасы банкімен" қаржылық модельді пысықтап жатырмыз. Бұл жаңа механизмді шамамен 2027 жылы жариялаймыз. (Бастапқы жарнаны төмендету – ред. ескертпесі) 10 пайызға дейін", – деді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков шарттары қолжетімді жаңа бағдарламаларға деген сұраныс жоғары екенін мойындады.

"Бұл құрал сұранысқа ие. Біз мүмкіндігінше талаптар мен құралдарды пысықтап, жетілдіріп жатырмыз. Қосымша қаржыландыруға қарай осындай сұранысты азайту үшін бұл мәселені пысықтауға дайынбыз. Мен айтқандай, бюджеттің, нарықтың және процеске қатысушылардың барлық мүмкіндігіне қарай қосымша құралдарды пысықтап жатырмыз", – деп атап өтті спикер.