in

Қазақстандықтарға Шенген визасын алу жеңілдейді: келіссөздер қай сатыда

СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов қазақстандықтарға Шенген визасын беру тәртібін жеңілдету туралы келіссөздердің қай сатыда екенін айтты, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

Жанболат Үсенов келіссөз процесінің мән-жайын жария етуге болмайтынын мәлімдеді.

"Келіссөздер ілгері сатыда, процесс жүріп жатыр. Біз еуропалық серіктестерімізге түсіністік танытқаны үшін алғыс айтамыз. Біз көптеген мәселеде түсіністік тауып жатырмыз. Ақылға қонымды мерзімде оң нәтиже шығатынына үміттенемін", – деді ол.

Журналистер аталған визаны рәсімдеу кезінде қазақстандықтар төлейтін баж мөлшерін төмендетуге қатысты тараптардың ұстанымы қандай екенін сұрады.

Сондай-ақ, олардың айтуынша, виза беруден негізді түрде бас тартылған жағдайда төленген баждың бір бөлігін қайтару бойынша мәселе болған. Олар бұл нормалардың келіссөз процесінде бар-жоғын сұрады.

"Келіссөз процесін егжей-тегжей ашып айта алмаймын. Бірақ сіз айтып отырған мәселелерді біз қазақстандықтар визасыз жүре алмайтын әрбір елмен келіссөзде көтереміз.

Біздің басты мақсатымыз әрқашан – басқа елмен келіссөз жүргізу кезінде Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді қамтамасыз ету. Аралық мақсат – бұл, әрине, визалық алымдарды төмендету, мерзімдерін ұзарту, құжаттар санын қысқарту және т.б. Бұл кез келген елмен келіссөзде айтылады", – деп мәлімдеді ол.