in

Алматыда тұрғылықты жері бойынша тіркелу тәртібі өзгереді

Алматыда азаматтарды тұрғылықты жері және уақытша болатын жері бойынша тіркеу нормативтеріне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды kazinform.

Қала әкімдігі әзірлеген жобаны мәслихат талқылауға шығарды. Құжаттағы басты жаңашылдық басқа өңірлерден келген студенттерге қатысты болмақ.

Қолданыстағы ережеге сәйкес, Алматыда бір адамды тіркеу үшін тұрғын үйдің жалпы аумағында кемінде 15 шаршы метр жер болуы керек. Мысалы, жалпы аумағы 60 шаршы метр болатын пәтерге осы норматив бойынша төрт адамды тіркеуге болады. Ал үй иесінің туыстары мен басқа да кейбір санаттағы азаматтарға бұл талаптан ерекшелік қарастырылған.

Енді қала әкімдігі жеңілдік берілетін санаттар тізімін толықтыруды ұсынып отыр. Атап айтқанда, оған Алматыда күндізгі оқу бөлімінде білім алатын студенттерді қоспақ. Егер түзету қабылданса, оларды тұрғын үй аумағына қойылатын белгіленген талапқа қарамастан тіркеуге мүмкіндік беріледі.

Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, жаңа шешім халықты есепке алу тәртібін реттеуге, ішкі көші-қон үдерістерін бақылауды күшейтуге және мегаполисте мемлекеттік қызметтерді тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қалада заңды түрде тұру рәсімін жеңілдету арқылы студенттердің құқықтарын қорғау көзделген.

Айта кетейік, құжат жобасы 6 қарашада жарияланған. Қоғамдық талқылау 23 қарашаға дейін жалғасады.

Қазіргі уақытта мәслихат шешімінің жобасы жария талқылау кезеңінен өтіп жатыр. Одан кейін құжат Алматы қаласы мәслихатының депутаттарына бекітуге жіберіледі.