SCAT әуе компаниясының баспасөз қызметі Мәскеуден Алматыға бағыт алған ұшақ Астанаға шұғыл қонғаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды astana24.com.
Желі қолданушысы Threads-тегі парақшасында SCAT әуе компаниясының ұшағы Астанаға шұғыл қонғанын айтып, жазба жариялады.
"Бүгін Мәскеу – Алматы бағытында ұшқан SCAT әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайына шұғыл қонды. Мен бұл штаттан тыс жағдай екенін түсінемін, бәріміз қатты қорықсақ та, неге жолаушыларға тіпті су ұсынбадыңыздар?
Біз жанжал шығарғанша, шошыған, абдырап қалған жолаушыларды сусыз, тамақсыз және ең бастысы, ешқандай ақпаратсыз ұстадыңыздар", – деп жазды жолаушы.
NUR.KZ тілшісі SCAT әуе компаниясының баспасөз қызметіне сауал жолдады. Олар ұшақтың шұғыл қонғаны туралы ақпаратты растады.
"Мәскеу – Алматы рейсiн орындау барысында борттық жүйенің индикациясы іске қосылды. Экипаж Астана қаласындағы базалық әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Қону штаттық режимде өтті. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін әуе компаниясы резервтік бортты ұйымдастырды. Оның келуін күткен уақытта жолаушыларға салқын сусындар берілді", – делінген жауапта.
