Қостанай облыстық білім басқармасы алтыншы сыныпта оқитын екі оқушыға 5 сынып оқушысын зорлады деген айып тағылғанын жазған едік. Аталған ақпаратқа қатысты облыстық білім беру басқармасы пікір білдірді, деп хабарлайды astana24.com.
Қостанай облыстық білім басқармасының NUR.KZ тілшісіне аталған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомство қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Енді оның аясында қажетті сараптамалар тағайындалмақ.
"Олардың ата-анасына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша (кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) әкімшілік хаттамалар толтырылды", – деді ведомство өкілдері.
Бұл мәселе Қамысты ауданы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиясының отырысында қаралады, деп толықтырды ведомство.
Еске салсақ, бүгін Қостанай облысында мектептердің біріндегі әжетханада бесінші сынып оқушысын алтыншы сыныптың екі оқушысы зорлады деген ақпарат жарияланғанын жазған едік. Оқиғаға куә болған жоғары сынып оқушысы болған жайтты бесінші сынып оқушысының ағасына хабарлаған.
