in

40 мың теңгелік галстук пен 60 мың теңгелік аяқ киім: шенеуніктер отандық киім кие ме (видео)

Үкіметте өткен брифингте өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі мен "Даму" қорының басшысына отандық өнімдерге деген ұстанымы туралы сұрақ қойылды, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

"Қазақстанда мақта-мата кластері жүзеге асырылып жатыр, мата шығарылады. Бірақ аралас маталарға, жүн маталарға қатысты мәселелер бар.

Өкінішке қарай, олар өндірілмейді. Мен қазір 100 пайыз Қазақстанда жасалған костюм киіп жүрмін десем, ол өтірік болар еді. Иә, мата шетелден әкелінген, келісемін, бірақ ол Қазақстан Республикасында тігілген. Бағасы – 100 мың теңге шамасында", – деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.

Ол аяқ киімі шетелдікі екенін, ал қалған киімдері "ішінара импорт екенін" айтты.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев Астанада жыл сайын "Ұлттық өнім" көрмесі өтетінін, ал өзі бұл көрмеден кейін "Қазақстандық өнім сатып ал" челленджін бастағанын жеткізді.

"Бізде қазақстандық киім шығаратын расында да жақсы кәсіпорындар бар. Мысалы "Далатекс" қызылордалық көйлектері, қарағандылық Neyches Boots аяқ киімі бар, Көкшетауда Albe аяқ киімі бар, галстук тігетін "Адели" бар, "Арғымақ" бар және т.б. Мен олардың өнімдерін жиі сатып аламын. Олар шынымен де сапалы.

Галстугым – қазақстандық, бағасы – 40 мың теңге. Қарағандылық аяқ киім – 60 мың теңге шамасында. Олар Мәңгілік ел даңғылында сатылады", – деп жауап берді қор басшысы.

Өнеркәсіп вице-министрі де өзінде мұндай аяқ киім бар екенін айтты.