АҚШ президенті Дональд Трамп өз өкілеттігі аяқталғанға дейін Кубаға қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармады – Вашингтон жағдайды жіті бақылап отыр, деп хабарлайды astana24.com.
Бұл туралы Ақ үй басшысы журналист Хью Хьюиттің шоуында берген сұхбатында мәлімдеді.
"Мен кеткенге дейін Куба мәселесін шешкім келеді", – деді Трамп.
Ол Вашингтон арал төңірегіндегі ахуалды жіті бақылап отырғанын алға тартты. Трамптың айтуынша, ата-анасы Кубадан шыққан мемлекеттік хатшы Марко Рубио да бұл мәселенің шешілуіне мүдделі.
Журналист әскери операция жүргізу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.
"Мен, сөзсіз, мұндай нұсқаны қарастырар едім", – деп жауап берді Трамп.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Кубаға сес көрсетіп, Иранға жасалған шабуыл аяқталғаннан кейін Штаттар Кубамен "айналысатынын" мәлімдеген болатын.
Бұған жауап ретінде Куба президенті Мигель Диас-Канель елдің соғысты қаламайтынын, бірақ оған дайындалып жатқанын айтты.
