in

Қызметіне жазда тағайындалған: ұсталған ҚТЖ басшысы Отыншиев туралы не белгілі

ҰҚК Қазақстандағы екі ірі ұлттық компания басшыларының ұсталғанын мәлімдеді. Олардың арасында биыл жазда қызметке тағайындалған ҚТЖ басқарма төрағасы Елжас Отыншиев те бар, деп хабарлайды astana24.com.

"ҚТЖ "ҰК" АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғандардың қатарында болып шықты.

Бұған дейін ҰҚК істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.

Айта кетейік, Елжас Отыншиев ҚТЖ басшысы лауазымына 2026 жылғы шілдеде тағайындалған еді.

ҚТЖ-ның ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтының бакалавриаты мен магистратурасын "Қолданбалы математика және физика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде талдаушы ретінде бастаған.

2009-2012 жылдары "Тау-Кен Самұрық" Ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, кейін директоры болып жұмыс істеген.

2012-2019 жылдары "Самұрық-Қазына" АҚ Ұлттық әл-ауқат қорының инвестициялық блогында әртүрлі лауазымдарды атқарған.

2019-2023 жылдары жеке холдингтік компанияларда, сондай-ақ KIDF тікелей инвестициялар қорының басқарушы компаниясында басшылық қызметтерде болған.

2023 жылғы сәуірден 2025 жылғы сәуірге дейін "Самұрық-Қазына" АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры, ал 2025 жылғы сәуірден 2026 жылғы шілдеге дейін "Самұрық-Қазына" АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарған.

2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.