Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте келесі жылдан бастап ҰБТ-ны алып тастап, орнына жаңа тест енгізіледі деген қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды astana24.com.
Журналистер елордалық мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында 2027 жылдан бастап ЖОО-ға түсу форматы өзгеретіні туралы ақпарат тарап жатқанын атап өтті. БАҚ өкілдерінің айтуынша, ҰБТ-ның орнына Admission Insight Test атты жаңа емтихан енгізілетінін айтып жүрген көрінеді.
"Жауапкершілік өз мойныма ала отырып, келесі жылы ҰБТ болатынын мәлімдеймін. Жаңа тест тек пилоттық жоба ретінде, абитуриенттердің таңдауы бойынша балама түрінде ғана енгізіледі. Сондықтан бұл қауесеттерге, бұл жалған ақпаратқа сенбеңіздер – тек министрлік пен ұлттық тестілеу орталығының ресми мәлімдемелеріне ғана сеніңіздер", – деді Саясат Нұрбек.
Министр бұл жағдайды тексеру үшін тиісті органдарға жүгіну ықтималдығын жоққа шығармады.
"Бұл – жалған ақпарат және ол дүрбелең туындатады. Бұл жалған ақпараттың мақсаты – қазір дүрбелеңге еріп, қосымша білім беру орталықтарына, бұдан жақсы ақша табуы мүмкін қандай да бір тест орталықтарына жүгінетін сенгіш ата-аналардың есебінен ақша табу.
Ең бастысы: олар біз әлі жарияламаған бұл тестке қалай дайындай алады? Ол әзірленіп жатыр, бірақ біз оны әлі ресми түрде де таныстырған жоқпыз. Бұл – таза алаяқтық! Бұл тесттің келесі жылы абитуриенттің қалауы бойынша пилоттық режимде іске қосылатынын тағы да айтамын", – деп түйіндеді ғылым министрі.
