Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен брифингте мұғалімдерге сынып жетекшілігі үшін төленетін ақыны қайта қарау жоспарда бар екенін жеткізді, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
Журналистер қазір сыныпқа жетекші болған мұғалімдерге төленетін үстемеақы 8 мың теңге екенін атап өтіп, бұл сома қаншалықты әділ тағайындалғанын сұрады.
"Қосымша төлемге қатысты жүйелі мәселелер бар. Педагог-психологтарға қатысты проблема болған еді. Биыл біз бұл мәселені шештік – қазір қосымша төлем шамамен 60 мың теңге. Бұл – жақсы қолдау. Қазіргі кезеңде арнайы педагогтердің үстемеақысын арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, өйткені қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Келесі кезең – сынып жетекшілері", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, қазір олардың қанша сынып сағатын өткізетініне талдау жасалып жатыр.
"Әзірге бірдеңе деуге ерте. Бірақ біз арнайы педагогтердің мәселесін шешкен бойда, келесі кезең сынып жетекшілерінің мәселесі болады. Бұл мәселе бақылауда тұр. Бұл республикалық бюджеттің мүмкіндігіне байланысты. Бірақ оқу-ағарту министрлігі бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр, біз бәрібір шешеміз.
Арнайы педагогтер бойынша біз 2029 жылды қарастырып жатырмыз. Сынып жетекшілері бойынша бұл – өзекті мәселе, жүргізілетін тәрбие жұмысының сапасы соларға байланысты. Сондықтан нақты күнін айта алмаймын, бірақ оқу-ағарту министрлігі бұл бағытта жүйелі әрі кешенді түрде жұмыс істеп жатыр деп сендіре аламын", – деп атап өтті министр.
