in

Қазақстанда екпе алмаған балаларға мектеп пен балабақшаға баруға тыйым салына ма: денсаулық вице-министрі жауап берді

Қазақстанда екпе алмаған балалар балабақша мен мектепке бара ала ма? Бұл сұраққа денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов Құрылтайда өткен брифингте жауап берді, деп хабарлайды astana24.com.

Журналистер ата-аналар екпе алмаған балалардың балабақшаға баруы салдарынан қызылша және басқа да аурулар көбейіп жатқанына наразы екенін жеткізді. Олар денсаулық сақтау министрлігі мен оқу-ағарту министрлігінің бірлескен бұйрығы немесе екпе алмаған балалардың оқу орындарына баруына тыйым салатын шешім бола ма деп сұрады.

"Қазіргі уақытта мұндай бұйрық бар. Бұл әсіресе қызылшаға қатысты. Егер ұжымдық иммундық жауап болмаса, ол мектепке дейінгі мекемелерге де, мектептерге де баруға тыйым салады. Егер, айталық, топтағы немесе сыныптағылардың көпшілігі екпе алған болса, бір баланың келуі сол топтағы иммундық жауаптың жағдайына әсер етпейді – мұндай баланың (сабаққа – ред. ескертпесі) баруына болады", – деді Манас Рамазанов.

Оның айтуынша, әрбір жағдайда жеке қарау қажет.

"Егер сыныптағы немесе топтағылардың көпшілігі екпе алмаған болса, онда мектепке дейінгі де, мектеп мекемелеріне де баруға тыйым салынады", – деп түйіндеді вице-министр.