Синоптиктер биыл желтоқсанда Қазақстанда күн райы қандай болатынын айтты. Қыстың алғашқы айында ауа температурасы нормадан жоғары болады, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасаған astana24.com.
"Қазгидромет" 2026 жылғы желтоқсан айына арналған консультативтік ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің мәліметінше, желтоқсанда республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады.
Ал Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығыс бөлігінің басым аумағында, Жетісу облысының шығыс жартысында және Алматы облысының шығысында температура климаттық нормаға жуық болады.
Желтоқсан айындағы жауын-шашын мөлшері республиканың барлық аумағында климаттық нормаға жуық болады деп болжанып отыр.
Республиканың басым бөлігінде және елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда ауаның орташа айлық температурасы -5…-13°С, Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысында -17°С шамасында, ал елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігінде -4…+3°С аралығында болады деп күтіледі.
