in

Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Словакияға қарсы матчтың соңғы минуттарында жеңісті уысынан шығарып алды

Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы топтық кезеңінің өз алаңындағы матчында Словакия командасымен тең түсті, деп хабарлайды astana24.com.

С лигасындағы 3-топтың алтыншы туры аясындағы кездесу 16 қарашада "Астана Арена" стадионында өтті. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Қазақстандық футболшылар екі рет алға шыққанымен, қосымша уақытта қақпасына доп өткізіп алып, жеңісті сақтап қала алмады.

Есеп ойынның 29-минутында ашылды. Қазақстан құрамасының вингері Ислам Чесноков Ғалымжан Кенжебектің нәтижелі пасынан кейін қарсылас қақпасын дәл көздеп, алаң иелерін алға шығарды.

Бірінші таймда словакиялық футболшылар таразы басын теңестіре алмады. Дегенмен ойынның 56-минутында Словакия құрамасының шабуылшысы Роберт Боженик Давид Крчиктің пасынан кейін есепті 1:1-ге жеткізді.

Тоғыз минуттан соң қазақстандық команда қайтадан алға шықты. 65-минутта қорғаушы Ян Вороговский Кенжебектің пасын сәтті пайдаланып, қонақтар қақпасына екінші голды соқты.

Екінші голды соққаннан кейін Қазақстан құрамасы ұзақ уақыт бойы есептегі басымдығын сақтап тұрды және топ көшбасшысын жеңуге жақын болды.

Алайда екінші таймға қосылған бесінші минутта словакиялық футболшылар есепті теңестіріп үлгерді. Ойынға тыңнан қосылған Адриан Капралик Қазақстан қақпасына гол соғып, матчтың қорытынды есебін тіркеді – 2:2.

Осылайша Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңін соңғы, төртінші орынмен аяқтады.

Өткізілген алты матчтың қорытындысы бойынша ұлттық құрама үш рет тең түсіп, үш рет жеңіліске ұшырап, үш ұпай жинады. Қазақстандық футболшылар қарсылас қақпасына сегіз гол соғып, өз қақпасына 11 доп өткізіп алды.

Топта бірінші орынды 12 ұпай жинаған Словакия құрамасы иеленіп, В лигасына жолдама алды. Екінші сатыға сегіз ұпаймен Фарер аралдарының командасы жайғасса, жеті ұпайы бар Молдова үздік үштікті түйіндеді.

Ал қазақстандық құрама Ұлттар лигасының биылғы маусымын бірде-бір жеңіссіз аяқтады. Дегенмен келесі маусымда төртінші дивизион таратылатындықтан, команда үшінші дивизионда қалады.