19 қарашада Оңтүстік Кореяда ұлттық бірыңғай емтиханға байланысты ұшақтардың ұшып-қонуы уақытша тоқтатылып, биржаның жұмыс кестесі өзгереді, деп хабарлайды РБК-ға сілтеме жасаған astana24.com.
Bloomberg жарияланымына сілтеме жасаған басылымның жазуынша, Оңтүстік Кореяда университеттерге түсу емтихандары өтетін уақытта ерекше шектеулер енгізіледі: ұшақтардың ұшып-қонуы уақытша тоқтатылып, қор нарығы жұмысын әдеттегіден кеш бастайды.
Ағылшын тілінен тыңдалым емтиханы кезінде шу кедергілерін болдырмау үшін ұшуға шектеулер жергілікті уақыт бойынша сағат 13:05-тен бастап 35 минут бойы қолданылады. Әуедегі ұшақтар кемінде 3 км биіктікте ұшуы тиіс, барлығы 130 рейстің кестесіне өзгеріс енгізіледі.
Сонымен қатар таңертеңгі көлік кептелісін азайту үшін қаржы нарықтары да жұмыс кестесін өзгертеді. Корея биржасы сауданың басталуын сағат 10:00-ге ауыстырады, ал қор нарығы әдеттегіден бір сағат кеш жабылады.
Сунын (College Scholastic Ability Test, CSAT) – Оңтүстік Кореядағы бірыңғай түсу емтиханы, оның нәтижесі бойынша талапкерлер университеттерге қабылданады. Бұл сынақ әлемдегі ең қиын әрі бәсекелестігі жоғары емтихандардың бірі саналады, себебі жиналған балл жастардың болашақтағы білім алу мүмкіндігі мен мансап жолына тікелей әсер етеді.
