2026 жылдың басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар, деп хабарлайды astana24.com ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
ІІМ өкілдерінің хабарлауынша, бір әзіл жүздеген адамды эвакуациялауға, шұғыл қызметтердің оқиға орнына жетуіне және қылмыстық істің қозғалуына себеп болуы мүмкін
"2026 жылдың басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар. Ғимараттарға жарылғыш зат қойылғаны және басқа да қауіп-қатерлер туралы жалған хабарламалар тарату – ауыр салдарға әкеп соғатын әрекет. Мұндай хабарламалар телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады", – делінген ІІМ хабарламасында.
ІІМ өкілдері көп жағдайда осындай әрекетке өз ісін жай ғана қалжың немесе назар аудартудың амалы деп қабылдайтын жасөспірімдер баратынын айтады.
"Интернетте бұл "сваттинг" деп аталады. Бұл кезде хабарламада көрсетілген нысан, яғни мектептер, ауруханалар және басқа да мекемелер эвакуацияланады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен арнайы қызмет өкілдері жіберіледі. Жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, ресурстар мен қомақты қаражат жұмсалады", – дейді құзырлы органдағылар.
ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салады. Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлі тұлғалар келтірілген залалды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі.
"Ойланбай жасалған әрекет қылмыстық жазаға ғана емес, отбасы үшін елеулі қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін", – дейді олар.
ІІМ ата-аналарға балалардың интернетте немен айналысатынын, кімдермен араласатынын және өз әрекеттерінің салдарын түсіне ме, жоқ па – осының бәрін бақылау маңызды екенін ескертеді. Полиция азаматтарды қауіп-қатер туралы тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ал осындай хабарламалар алған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
