in

Балабақшадан бастап АЭС-ке дейін: Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасымен қандай нысандар салынатынын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде "Халықтық құрылыс" бағдарламасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды astana24.com Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, осы күнге дейін еліміз көптеген табысқа қол жеткізді.

"Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрдайым биік мақсаттарға ұмтыламыз.

Мен биылғы Жолдауымда "Халықтық құрылыс" жалпыұлттық бағдарламасын жарияладым.

Алдағы жылдарда тұтас ел аумағында көптеген балабақша, мектеп, емхана, спорт кешендері, оңалту мекемелері, жастарға арналған шығармашылық орталықтары, театрлар, әуежайлар, вокзалдар, жолдар және басқа да маңызды нысандар салынады", – деді мемлекет басшысы.

Президент тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты, барлық саланы қамтитын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды болмағанын атап өтті.

"Бұл бірегей бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы өркендетуге айрықша серпін бермек.

Қысқаша айтқанда бұл – "барша жұртымызға арналған нағыз халықтық жоба, яғни, кең ауқымды құрылыс".

Себебі "Халықтық құрылыс" кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді. Өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер пайда болады. Жұмыс орындары ашылады", – деді ол.

Қысқасы "Құрылыс және тағы да құрылыс" қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналады.

Бағдарлама аясында әлеуметтік нысандармен қатар, атом, су және жылу электр стансалары, деректерді өңдеу орталықтары салынады.