Атақты Bulgari брендінің танымалдылығын жаңа деңгейге көтерген итальялық зергер Паоло Булгари 90 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды astana24.com РБК-ға сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, зергердің қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды Il Sole 24 ore агенттігі жазды. Белгілі әулеттің өкілдерінің бірі және Bulgari компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Паоло Булгари Римде 89 жасында көз жұмғаны атап өтіледі.
Жерлеу рәсімі бүгін, 23 қарашада Римдегі Санта-Кроче-ин-Джерузалемме базиликасында өтеді.
Паоло Булгари 1937 жылы 8 қазанда туған. Ол – 1884 жылы Римде болашақ халықаралық зергерлік компанияның негізіне айналған алғашқы шеберхананы ашқан грек күміс шебері Сотирио Булгаридің немересі. Паолоның әкесі Джорджо ағасы Костантиномен бірге отбасылық істі мұраға алып, брендтің әрі қарай дамуына үлес қосты.
Компанияны басқару ісіне әулеттің үшінші буыны 1960 жылдары араласа бастады. 1966 жылы Джорджо қайтыс болғаннан кейін басшылық оның ұлы Джанни мен немере ағасының қызы Маринаға өтті.
1980 жылдары Паоло мен оның ағасы Никола Bulgari компаниясында басшылық қызметтерге кірісті. 1984 жылы компанияның бас директоры болып Франческо Трапани тағайындалды. Бұл кезеңде Bulgari ауқымды трансформацияға ұшырады: компания зергерлік бұйымдардан бөлек сағат, аксессуар, былғары бұйымдары мен парфюмерия шығара бастады.
Брендтің халықаралық деңгейге таралуы 1970 жылдары Нью-Йорк, Париж, Женева және Монте-Карло қалаларында бутиктер ашудан басталды. Bulgari брендінің танымал стилі рим және грек өнерін сән-салтанат туралы заманға сай көзқарастармен ұштастыру арқылы қалыптасты. Оның басты ерекшеліктері түсті асыл тастар, сары алтын, "кабошон" тәсілімен қырлау және антикалық монеталар болды. Брендтің әшекейлерін, атап айтқанда, әлемдік кино жұлдыздары, соның ішінде Элизабет Тейлор тақты.
Соңғы жылдары Паоло Булгари әлеуметтік және білім беру жобаларымен де айналысты. 2019 жылдың қарашасында ол Римнің шалғай аудандарында білім беру мен кәсіби дайындықты дамытуға қолдау көрсететін өзінің қоғамдық қорын құрды.
