in

Шайдоровтың бұрынғы бапкері онымен жұмыс істеуді тоқтатқанына қатысты алғаш рет пікір білдірді

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың бұрынғы бапкері Алексей Урманов спортшымен ынтымақтастық тоқтағаны туралы алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды astana24.com "Бес Допинга" желілік басылымына сілтеме жасап.

Telegram-дағы "Бес Допинга" арнасының авторлары мәнерлеп сырғанаудан танымал бапкер Алексей Урмановпен тілдесті. Урманов әңгіме барысында олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровпен жұмыстың тоқтағанына қатысты алғаш рет түсініктеме берді.

"Мен бұл үшін ештеңе істеген жоқпын. Сондықтан логика тұрғысынан алғанда, қалай да ақталуым ақымақтық болар еді. Ештеңе істемеген адам не үшін ақталуы керек? Ал бүкіл шындық тек Михаилдің басында жатыр.

Менің шындығым – біз Франциядағы турнирді онша сәтті аяқтаған жоқпыз. Мен оны сол кезде құшақтап: "Мишка, мен кез келген уақытта әңгімелесуге дайынмын. Маған белгі бер – екеуміз отырып сөйлесеміз, қалай әрі қарай жылжитынымызды ойластырып, қорытынды жасаймыз", – дедім. Осыдан кейін спортшы менімен кездесуге келмеді, телефон шалып, қарым-қатынасымызды аяқтайтын шығармыз деп айтты", – деді Урманов.

Сондай-ақ кейінірек олар телефон арқылы 10 жылдық бірлескен жұмыс туралы әңгімелескенін айтты.

"Бірнеше күн өткен соң Михаил маған қайта хабарласып, менің оған жасаған барлық жақсылығым үшін қаншалықты алғысы шексіз екенін телефон арқылы айтты. Мен: "Миш, мен саған алғыс айтамын, біз бірге он жылға жуық уақыт бойы өте жақсы жұмыс істеп, олимпиаданың алтын медаліне қол жеткіздік", – деп жауап бердім. Осымен бітті", – дейді бапкер.

Сондай-ақ Урманов "2026 жылғы Олимпиада алтынынан кейін Шайдоров өзгерді ме" деген сұраққа жауап берді:

"Мен басқа адамның ішіне кіріп-шыға алмаймын – бұл біріншіден. Екіншіден, егер сіз Франциядағы турнирде не болғанын бақыласаңыз, оның сұхбаттары көп, медиа назары соған ауды – және ол баршаға өзінің мүлде өзгермегенін айтты", – деп түйіндеді сөзін Урманов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ресейлік маманмен келісімшарт бұзылғанын мәлімдеген еді.

Артынша Шайдоровтың өзі бұл ақпаратты растады. Айта кетейік, биылғы маусымда спортшы "Челленджер" сериясының турнирі – Ондрей Непела мемориалының қола жүлдегері атанды. Гран-при кезеңдерінде Шайдоров оныншы және бесінші орындарды иеленіп, нәтижесінде серия финалына шыға алмады.