Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов ұлды болды. Спортшы бұған дейін үш перзентінен айырылғанын айтып, сәбиінің дүниеге келуі үлкен қуаныш болғанын жазды, деп хабарлайды astana24.com.
Боксшы Instagram-да жантебірентерлік жазба жариялады.
"Кейбір қуаныштың артында ешкім білмейтін қаншама көз жасы, үнсіз түндер мен дұғалар жатады екен…
Бұл қуанышқа жеткенше тағдырдың талай сынағынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық… Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар…
Біз де үнсіз жыладық, іштей күйзелдік. Бірақ Алладан үмітімізді үзбедік. Дұға еттік, күттік, сендік. Сабыр сақтап, Жаратқаннан медет сұрадық.
Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей…
Алланың қалауымен ұлды болдық!" – дейді боксшы.
Сәкен Бибосыновтың айтуынша, құшағындағы кішкентай сәби — талай көз жастан кейінгі қуанышы, талай сынақтан кейінгі үміті.
"Біз өткенді ұмытпаймыз. Жүрегімізде үш перзентіміздің де орны мәңгілік. Өмір деген осы шығар… Бір жағында қуаныш, бір жағында сағыныш. Бұл өмір — бір кем дүние…" – деді ол жазбасында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от 𝐁𝐈𝐁𝐎𝐒𝐈𝐍𝐎𝐕 𝐒𝐀𝐊𝐄𝐍 🇰🇿 (@sakenbibosinov)
Желі қолданушылары боксшыны құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
"Өзіңнен он есе асқан батыр болсын! Бұл батырды қаншалықты сабырмен, үмітпен күткеніңді жақсы білемін. Алла батырға мықты денсаулық, ұзақ та берекелі ғұмыр нәсіп етсін! Ата-анасының мақтанышы, елінің қорғаны болатын нағыз батыр азамат болып өссін", " Бауы берік болсын батырдың, ағасы", " Алла ұзақ ғұмыр нәсіп етсін! Дені сау болсын! Бауы берік болсын", – деп құттықтауда боксшыны жақындары.
