Маңғыстау облысында былтыр иіс тиіп қайтыс болған үш баланың анасы – 51 жастағы Күмісай Палекеева қыз баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Lada.kz.
Басылымның перинаталдық орталық өкілдеріне сілтеме жасап хабарлауынша, нәресте салмағы – 3400 грамм, бойы – 52 сантиметр болып туды. Әйелге кесарь тілігі отасы жасалды, жүктілік асқынусыз өткен. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы.
Нәрестенің есімін әкесі Ария деп қойған. Күмісайдың айтуынша, ол 51 жасында бала сүйемін деп ойламаған, бірақ дәрігерлер мен жақындарының қолдауымен экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) процедурасына жүгінуге бел буған.
Әйел үйі босап қалғаннан кейін өміріне тірек болар деген үмітпен ЭКО жасауға шешім қабылдаған. Қайғылы оқиғадан кейін ерлі-зайыптыға экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) рәсімінен тегін өтуге сертификат берілген. Сондай-ақ биыл қыркүйекте отбасы 13 жастағы ұл баланы асырап алған болатын.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға Мұнайлы ауданының "Қаламқас" тұрғын үй массивінде болды, ерлі-зайыптының үш баласы газға уланып қайтыс болған еді.
