Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті Алжир және Иордания өкілдерімен аталған бағыттарға тұрақты әуе қатынасын ашу мүмкіндігін талқылап, келісімге келді. Болашақта әр елдің әуе компаниялары аптасына 14 рейске дейін орындай алады, деп хабарлайды astana24.com Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөздер Монреаль қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жетінші дүниежүзілік конференциясы аясында өтті.
Кездесуге Қазақстанның Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Алжирдің Ұлттық азаматтық авиация агенттігінің басшысы Хасан Бульфельфель қатысты.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес екі елдің белгіленген әуе компаниялары аптасына 14 рейске дейін орындай алады.
Қазақстан мен Алжир әуе қатынасы туралы келісім жобасын да алдын ала мақұлдады.
Бұл құжат екі ел арасында тұрақты жолаушылар рейстерін ашуға құқықтық негіз болады.
Сонымен қатар ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы аясында Қазақстанның Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның Иордания Азаматтық авиацияны реттеу комиссиясы Комиссарлар кеңесінің төрағасы капитан Дейфалла Фараджатпен екіжақты кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы тұрақты әуе қатынасын кеңейтуге ерекше назар аудара отырып, азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Иордания тарапы Royal Jordanian ұлттық әуе тасымалдаушысының Қазақстанға тұрақты рейстер ашуға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар Иордания азаматтары тарапынан Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтілді, бұл екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің авиациялық билік органдары тұрақты әуе рейстерін орындауды көздейтін Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, әр тарапқа аптасына 14 рейске дейін орындау мүмкіндігі беріледі.
Кездесу соңында тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделіліктерін растап, әуе қатынасын кеңейту және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
