Таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Батырхан Төлеуғали Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Батырхан Төлеуғали турнирдің жартылай финалына дейін жетті. Финалға шығу үшін ол Қытай Тайбэйінің өкілі Хун Цзюнь-имен кездесті.
Тартысты өткен жекпе-жек үш раундқа созылды. Бірінші раунд тең есеппен (0:0) аяқталғанымен, жеңіс Батырханға берілді. Екінші раундта қарсыласы 11:0 есебімен басым түсті. Шешуші кезеңде қазақ спортшысы 5:7 есебімен есе жіберді. Раундтар қорытындысы бойынша 2:1 есебімен Қытай Тайбэйінің өкілі жеңіске жетті.
Осылайша, Батырхан Төлеуғали Азиададағы жарыс жолын жартылай финалда аяқтап, 2026 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Таеквондодан үшінші орын үшін жеке кездесу өткізілмейтіндіктен, жартылай финалда жеңілген спортшыларға қола медаль беріледі.
