Қазақстанда 2027 жылдан бастап қарызы көп қарыз алушыларға несие беру шектеледі, деп хабарлайды astana24.com Ұлттық банктің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып.
Ұлттық банк 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің (КБК) шекті мәнін белгілеуді жоспарлап отыр.
КБК деген не?
КБК реттеушілік практикаға 2024 жылғы тамызда енгізіліп, қазірге дейін мониторингтік кезеңде қолданылып келеді. Көрсеткіш қарыз алушының өтелмеген барлық қарызы мен микрокредиті, оның ішінде жоспарланып отырған жаңа қарыз бойынша жиынтық берешегінің оның жылдық кірісіне қатынасын білдіреді. Бұл қарыз алушының өз міндеттемелеріне уақытылы қызмет көрсету қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
Басқаша айтқанда, КБК қарыз алушының берешек мөлшерін оның жылдық кірісінің саны арқылы көрсетеді. КБК-ның жоғары мәні борыштық жүктеменің ұлғайғанын және қарыз алушының төлем қабілетіне қатысты қауіп артқанын білдіреді. Қолданыстағы қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) сияқты, КБК да қарыз беру туралы шешім қабылданғанға дейін есептеледі.
КБК-ны қолдану банктердің жауапты кредит саясатын ынталандыруға, халықтың шамадан тыс қарызға бату тәуекелдерін төмендетуге, қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және кредиттеудің теңгерімді құрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Не өзгереді?
Ұлттық Банк 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының жалпы берешегі бойынша КБК-ның шекті деңгейін жылдық 8 табыс көлемінде белгілеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар халықты кредиттеу сегментіндегі белсенділіктің бәсеңдеу белгілерін ескере отырып, Ұлттық Банк автокредит, ипотека, кепілсіз тұтынушылық несие секілді жекелеген қарыз түрлері бойынша КБК көрсеткішіне мониторинг жүргізуді жалғастырады, алайда олар үшін сараланған шекті мәндер бекітілмейді.
Бөлшек кредиттеу сегментінде сын-қатер күшейген жағдайда Ұлттық банк қарыз түрлері бойынша КБК-ның сараланған шекті мәндерін бекітуге, сондай-ақ несиенің қолжетімділігі мен қаржы тұрақтылығы тәуекелдері арасындағы теңгерімді қамтамасыз ете отырып, КБК-ның жалпы деңгейін өзгертуге құқылы.
Қолданыстағы БЖК-ға қатысты оның есептеу талаптарын, сондай-ақ оның шекті мәнін қайта қарау қазіргі уақытта жоспарланбаған.
