in

ШҚО-дағы көне обалар қазылған болуы мүмкін: әкімдік мәлімдеме жасады

ШҚО-да көне обаларды техникамен зақымдаған болуы мүмкін. Өңір әкімдігі бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды astana24.com.

Әлеуметтік желіде Зайсан ауданындағы "Шағаноба" археологиялық кешеніне тиесілі көне обалардың зақымдалған болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.

"2026 жылғы 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Кешен аумағында қазылған шұңқырларды SRS ЖШС-не тиесілі техниканың көмегімен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Оқиға орнындағы азаматтардың кімдер екені анықталып, материалдар полицияда тіркелді", – делінген әкімдік мәлімдемесінде.

Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, археолог, әкімдік және полиция өкілдері аумақты тексерді. Жер қазу іздері фотоға және бейнеге түсіріліп, тиісті акт жасалды.

"Қар жамылғысы қорғандардың жай-күйі мен ықтимал залал көлемін толық анықтауға мүмкіндік бермейді. 2027 жылдың көктемінде қосымша тексеру жүргізіліп, қажет болған жағдайда авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады.

Оқиғаның мән-жайына құқықтық баға беру үшін тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдау тапсырылды. Заң бұзушылық анықталса, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту шаралары қабылданады. Заңсыз қазба жұмыстары мен вандализмнің алдын алу үшін ескерткіштерді бақылау күшейтілуде", – деді әкімдіктегілер.

Археологиялық мұраны зерттеу мен сақтау жұмыстары Шілікті, Берел, Елеке сазы және Ақбауырда жинақталған тәжірибеге сүйеніп жалғасады. "Алтын адам", түркі қағанының бейнесі бар алтын әшекейлер мен ежелгі қоныстар өңір тарихының құнды айғақтары саналады. Алдағы жұмыста ескерткіштерді қорғауға, ғылыми зерттеулерді жалғастыруға, жәдігерлерді қалпына келтіріп, жұртшылыққа таныстыруға басымдық беріледі.

Жалпы облыс әкімдігі қорғандардың табиғи қалпы мен тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи ашық аспан астындағы музей кешенін құру мүмкіндігін қарастыруда. Мәселе келісу сатысында. Бұл бастама құнды жәдігерлерді жұртшылыққа таныстыруға, ғылыми зерттеулерге жағдай жасауға және өңірдің археологиялық мұрасын келер ұрпаққа тұтас жеткізуге бағытталған.

"Тарихи мұраға қол сұғуға жол берілмейді. Осы мәселеге қатысты барлық жұмыс Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бақылауында", – деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.