in

Талдықорған маңынан сақ дәуіріне жататын алтын сырғалар табылды

Талдықорған маңындағы қорғандардың бірінен археологтар алтын сырғалар, сүйек пен қоладан жасалған жебе ұштарын, сондай-ақ қамшының сынығын тапты, деп хабарлайды 24KZ.

Зерттеушілердің пікірінше, мұнда ежелгі ақсүйек өкілдері жерленген болуы мүмкін. Алайда қабір орны сонау көне заманда бірнеше рет тоналған.

Соңғы үш жылда Жетісу облысында археологтар ондаған қорғанға зерттеу жұмыстарын жүргізді. Табылған жәдігерлердің қатарында аң стилінде жасалған әшекейлер, қыш бұйымдар және ежелгі мәдениеттің құнды деректерін сақтаған өзге де заттар бар.

Тарихи және мәдени маңызы бар барлық олжа облыстық музей қорын толықтырады. Алдағы уақытта олар көпшілік назарына ұсынылады.

"Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы бөлімінің жетекшісі Хамит Айтқұлдың айтуынша, үш айға созылған зерттеу жұмыстары барысында бұрын белгісіз болған көптеген тарихи дерек анықталған.

"Үш айлық зерттеу нәтижесінде тарихи маңызы зор көптеген мәліметке қол жеткіздік. Олардың біразы бұған дейін белгісіз болған. Қорған толық зерттеліп, жерлеу орны туралы жан-жақты ақпарат алынды. Зерттеу қорытындысы бойынша монография жазылды", – деді ол.

Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов келесі жылы тағы екі қорғанды қазу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

"Келесі жылы екі қорғанға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар аумақты зерттеп, құжаттандыру жұмыстарын қолға аламыз.

Бұл жерде қанша тарихи ескерткіш бар екенін анықтап, олардың қорғау аймақтарын белгілеу және қажетті құжаттарды әзірлеу көзделіп отыр", – деді Ғалымжан Оспанов.