Алматыда ұзартылып жатқан көшенің бірі Жұмағали Саин көшесі. Мұндағы мақсат қала ішіндегі кептелісті азайтып, көлік қатынасын реттеу. Ол Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен жалғанады, деп хабарлады 24.kz.
Мегаполистегі Саин көшесін Үлкен Алматы айналма жолына қосу жұмысы биыл тамызда басталған. Жол 6,5 шақырымға ұзарады. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталды.
"Жобаға 250-ге дерлік жұмысшы мен 70 құрылыс техникасы жұмылдырылған. Жалпы жобаның 800 метрден қалған бөлігінде жол төсемінің екі қабаты төселген, БАКАД-қа дейінгі. Жұмыстың қазір 80 пайызы аяқталып тұр. Бізде қазір жол төсемінің екінші қабаты қалды. Осы аталған аралықта. Қалған аралықта екі қабат жол төсемі төселген", – дейді "Алматыдорстрой" ЖШС бөлім меңгерушісі Ілесхан Адеев.
Жоба аясында ұзындығы 232 метр көпір салынады. Ол темір жол және негізгі көлік жолының үстінен өтеді. Қазір құрылымдары орнатылып, бой көтеріп үлгірді. Енді жан-жағын оқшаулап жатыр. Одан кейін қорғаныш қабаты төселіп, үсті асфальтталады.
"Жоба бойынша жолдың әр бағытында үш жолақ болады. Сондай-ақ сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылады. Бұл жол қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтуға ықпал етеді", – дейді Алматы қалалық жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы Айдос Желдікбаев.
Қазір Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына Жандосов көшесі, Райымбек батыр даңғылы мен Солтүстік айналма жолы арқылы шығуға болады.
Құрылыстың бітуін кептелістен шаршаған көлік жүргізушілері асыға күтіп жүр. Себебі қалаға келіп кететін жол көбейеді.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев
