Дзюдодан Қазақстан құрамасының өкілі Нұрқанат Серікбаев Загребте (Хорватия) өтіп жатқан Гран-придің финалында жеңіске жетті, деп хабарлайды ҰОК.
Отандасымыз 66 келіге дейінгі салмақтың ақтық белдесуінде бразилиялық Рональд Лимамен жолықты.
Нәтижесінде Нұрқанат Серікбаев айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Осылайша Нұрқанат Серікбаев Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медальді салды.
Бұған дейін Ғалия Тынбаева (48 келі) мен Аман Бақытжан (60 келі) күміс жүлдеге ие болды.
Ғалия 48 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғады. Ол ақтық сында 2026 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Италия өкілі Ассунта Скуттомен кездесті. Нәтижесінде италиялық балуан жеңіске жетті.
Ал Ғалия Тынбаева Гран-при турнирін күміс медальмен аяқтады. Ол финалға дейінгі жолында Азия Аванзатоны (Италия), Ева Перес Солерді (Испания), Наташа Феррейраны (Бразилия), Жаклин Шпрингерді (Австрия) жеңді.
Ал Аман Бақытжан болса, Гран-придің финалында жеңіліп қалды.
Отандасымыз 60 келіге дейінгі салмақтың ақтық белдесуінде Токио-2020 Олимпиадасының күміс жүлдегері Ян Юн Вэймен (Қытайлық Тайбэй) кездесті.
Тартысты өткен белдесуде Аман Бақытжан қарсыласына жол берді.
Осылайша Аман Бақытжан Қазақстан құрамасының қоржынына екінші күміс медальді салды. Айта кетейік, бұған дейін Ғалия Тынбаева (48 келі) күміс жүлдеге ие болған еді.
