in

2027 жылы Қазақстанда жұмысынан айырылғандарға берілетін төлем мөлшері артады

Қазақстанда 2027 жылы жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері мен алу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com.

Ведомство сайтында хабарланғандай, жаңашылдықтар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Әлеуметтік кодекстегі өзгерістерге байланысты. Еңбек министрлігі азамат жұмысынан айырылған жағдайда төлем алмас бұрын өтуге тиіс барлық кезеңді егжей-тегжейлі түсіндірді.

Бос жұмыс орындарын іздеу

Жұмысынан айырылған жағдайда азаматтар ең алдымен жұмысқа орналасуға көмек алу үшін мансап орталығына жүгінуі қажет. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап "жұмыс іздеп жүрген адам" мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды.

"Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары кәсіби тәжірибеңіз бен дағдыларыңызды жан-жақты зерделейді. Содан кейін өзіңізге лайықты бос жұмыс орындарын іріктеп, жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады", – делінген хабарламада.

Жұмыссыз мәртебесін алу

Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұл ретте мансап орталығы оған лайықты бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастырады. Қажет болса, мамандар кәсіптік оқыту орталығында қысқа мерзімді оқудан өтуді ұсынады.

Әлеуметтік төлемге өтініш беру

Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азамат әлеуметтік төлем тағайындауға өзіне ыңғайлы тәсілмен өтініш бере алады. Өтінішті eGov.kz порталы, Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.

Бұдан бөлек, мансап орталығына немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне барып, өтініш беруге болады.

"Әлеуметтік төлем алуыңызға қарамастан, мансап орталығы сізге лайықты жұмыс іздеуді жалғастыра беретінін ұмытпаңыз", – деді ведомство өкілдері.

Төлемді алу

2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем белсенді түрде жұмыс іздеу кезеңіне тағайындалады. Төлем алу мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және 3 айдан аспайды. Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 45 пайызына тең. Есепке алынатын орташа айлық табыстың шекті мөлшері ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспайды.

"Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де автоматты түрде айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды", – деп мәлімдеді ведомство.

Еңбек министрлігі бұрынғыдай мұндай әлеуметтік төлемді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ғана ала алатынын еске салды.