in

Қаскелеңде велосипед тепкен бала құдыққа соғылып, омыртқасы мен жағы сынған

Алматы облысында дұрыс орнатылмаған құдық қақпағының кесірінен жасөспірім ауруханадан бір-ақ шықты. Велосипед тізгіндеген ол алдында жатқан шойын темірді байқамай, қатты екпінмен соғылған. Оқушының омыртқасы мен жақ сүйегі де сынған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна дерегінше, жақындары болған жайтқа көше құрылысына салғырт қараған шенеуніктерді кінәлап отыр. Алайда әкімдік өкілдері қатесін мойындамақ түгілі, баланың жағдайын да сұрамады дейді ата-анасы.

Зардап шеккен бала оқиға болар күні велосипедпен үйіне қайтып келе жатқан. Туыстарының айтуынша, жасөспірім құдыққа соғылып бірнеше метр жерге бетімен құлапты.

Оқиға үш күн бұрын Қаскелең қаласына кіреберістегі көшеде болған. Оныншы сынып оқушысының оңбай құлағаны соншалық, омыртқа мен жақ сүйегі сынған. Оқушының анасы мұның бәрі құрылыс жұмысына салғырт қараған шенеуніктердің кесірінен, дейді.

"Қазір балам не жей алмайды, не тұра алмайды, тамағын іше алмайды. Көмек беріңіздер. Омыртқасы сынған, белі сынған, сау жері жоқ. Әкімдік қайда қарап отыр?! Мына жерде қаншама бала‑шаға жүреді. Мына жерді қалай қабылдаған?! Мынанша шығып тұр, құдықтың беті. Ол жерде қараңғы болғанда тіпті көрінбейді", – дейді анасы Жанар Айтжанова.

Оқушы орнынан тұра алмай біраз жатқан. Тек біраз уақыт өткен соң ағасы келіп, ауруханаға жеткізіпті.

"Жерде жатты. Үстінің бәрі шаң, балшық. Бетінің бір жағы көрінбейді. Қан. Беті ісіп кеткен. Ауыр жағдайда болды. Баланы көрген кезде шок жағдайда болдым. Сөйтіп жедел жәрдем шақырдық. Жарты сағатта келеміз деді. Ол жерде бала жедел жәрдемді күтетіндей жағдайда емес еді. Аузынан қан ағып жатты. Сол кезде мен баланы өз көлігіммен ауруханаға алып бардым", – дейді баланың ағасы Бауыржан Сандыбаев.

Апатқа дейін мұндағы жаяу жүргіншілер жолы ойқы-шойқы болыпты. Әкімдік тарабы осыған дейін құдықтың беті біркелкі, тегіс тұрғанын айтады. Алайда оның қақпағын әлдекімдер ұрлап кеткеннен кейін, уақытша бетонмен жабуға тура келіпті. Дегенмен олар бұл құрылысқа жауапты емес екенін алға тартқан.

"Уақытша ашық болғаннан кейін, біз адам құлап түспесін деп, бетін бетонмен жауып қойдық. Оның өзі бір адам құламасын деген. Біздің тарабымыздан қателік емес. Ол бойынша айтып жатырмын ғой, тапсырыс беруші — су шаруашылығы комитеті. Мердігер "Алматы ИНЖ Строй". Осы аталған шара бойынша хат жолданды. Қазір біз де әкімдік тарапынан қарастырамыз. Басшылықпен ақылдасамыз, қандай көмек көрсететінімізді, нақтылап жауап береміз", – деп пікір білдірді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Төлепберген.

Баланың жағдайы қазір бірқалыпты. Жақын арада дәрігерлер оған ота жасамақ.