in

"Күн өткен сайын ушығып барады": Қырғызстанда астананы көшіру туралы тағы да ұсыныс айтылды

Қырғызстан парламентінің депутаты астананы көшіруді ұсынды. Ол мұның себебін кептеліс мәселесінің ушығуымен түсіндірді, деп хабарлайды Kaktus.media сайтына сілтеме жасаған astana24.com.

Қырғызстан парламентінің депутаты Нұрбек Сыдығалиев республика астанасын Бішкектен басқа қалаға көшіруді ұсынды. Бұл туралы ол 18 қарашадағы отырыста мәлімдеді.

Мұндай ұсынысқа Бішкектегі көлік қозғалысына қатысты мәселелер түрткі болып отыр. Депутаттың айтуынша, Ошқа сапарында көпірлер мен жолайрықтардың құрылысына назар аударған. Сыдығалиев Бішкек мэриясына осы тәжірибені үлгі қылып, көлік көп жүретін қиылыстарға дәл осындай нысандар салуға кеңес берді.

Қырғызстанның құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Нұрдан Орунтаев Оштағы эстакадалық көпірлердің құрылысы құжаттар толық жиналмай тұрып басталғанын айтты. Қазір құжаттар ретке келтіріліп, шығындар есептеліп жатыр.

Бұған жауап ретінде Бішкек мэрі Айбек Жүнішалиев қалада да мұндай құрылыстар салынып жатқанын айтты.

"Ол жақта жолдар мен көпірлер өте жақсы салынған! Мұнда да солай істеу керек, әйтпесе кептеліс мәселесін шеше алмаймыз. Күн өткен сайын ушығып барады. Мәселені осылай шешу керек немесе астананы көшіру қажет", – деді депутат.

Жүнішалиев егер астана көшірілсе, тұрғындар да жаңа әкімшілік орталыққа көшіп баратынын атап өтті.

"Халық та сол жаққа көшеді", – деп жауап берді мэр.

Сыдығалиев бұған қарсы уәж айтып, халықтың бір бөлігі Бішкекте қалатынын жеткізді. Сондай-ақ ол қала орталығында көпқабатты үйлер салуға рұқсат берген сәулетшілердің шешімін сынға алды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Бақытбек Марипов Бішкектегі көлік кептелісі мәселесін шешу үшін Қырғызстан астанасын басқа жерге көшіруді ұсынған еді.