in

"Даму" топ-менеджерлерінің жалақысы 30 пайыздан астам өсті: қор басшысы себебін түсіндірді (видео)

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының басшысы Фархат Сәрсекеев үкіметтегі брифингте басшылық құрамның жалақысы неліктен өскенін түсіндірді, деп хабарлайды astana24.com.

Журналистер қор есебіне сүйене отырып, шағын бизнесті қамту жоспары орындалмағанына қарамастан, "Даму" қоры басшылығының жалақысы мен сыйақысы 30 пайыздан астам өскенін атап өтті. Олар топ-менеджерлердің сыйақысы қандай нәтиже үшін көтерілгенін сұрады.

Бұған жауап ретінде Фархат Сәрсекеев былтыр қор жалпы сомасы 2,2 трлн теңге болатын 13 мыңнан астам жобаны қолдағанын, сондай-ақ өңірлерді қоса алғанда, бизнесті қолдау бағдарламалары іске қосылғанын мәлімдеді.

"Бұл ретте біздегі проблемалық портфельдер деңгейі 1,7 пайыздан аспайды. Осыны, сондай-ақ инфляция үрдістерін ескере отырып, директорлар кеңесі мен акционер жалақыны өзгертуді қолдады", – деді ол.