Астананың санитарлық дәрігерлері әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін самса дайындайтын аспаздық цехтың жұмысын тоқтатты. Желі қолданушылары ондағы антисанитарияға шағымданған, деп хабарлайды astana24.com.
Threads желісінде aelitanursultan есімді қолданушы Астанада самса дайындайтын цех иесінің парақшасынан алынған видео жариялады.
"Мынаны көріп шок болып жатырмын, мынадай жағдайда қалай тамақ істеуге болады?!" – делінген жазбада.
Видеодан цех қызметкерлерінің қолғапсыз жұмыс істеп жатқанын, кейбір өнімдердің еденде беті ашық ыдыстарда тұрғанын байқауға болады.
Астана қаласы Сарайшық ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, "е-Өтініш" порталы арқылы келіп түскен азаматтардың өтініштері негізінде Samsa food аспаздық цехына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
"Тексеру барысында санитариялық қағидалар талаптарының бірнеше рет бұзылғаны анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша 2026 жылғы 19 қарашада жеке кәсіпкерге қатысты жедел ден қою шаралары қолданылды. Қызметтің басталғаны туралы хабарлама берілмеуіне байланысты объектінің қызметіне тыйым салынды. Міндетті медициналық қарап-тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмыстан уақытша шеттетілді.
Сонымен қатар анықталған бұзушылықтар үшін кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл салынды", – делінген хабарламада.
Кәсіпкерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
